1946 жылы Тәуіп өңірінің оңтүстігінде орналасқан Жайсаңбай елді мекенінде алғаш рет бастауыш мектеп ашылды.
1950-1951 жылдары Тәуіп бастауыш мектебі болып өзгертілді.
1952 жылы «Тәуіп» жетіжылдық мектебі Жайсаңбай деген кісінің қыстауының орнында салынды.Бұл Кеңес үкіметі құрылғалы 35 жылдан кейінгі ашылған тұңғыш мектеп болатын.Мектепті алғаш салғызып,басшылық жасаған қарт ұстаз Сәрібаев Бекнияз болатын.Мектеп толық бітіп,пайдалануға 1952 жылдың 1 қыркүйегінде берілді.Сол кезден бастап, «Ақсақал Тәуіп» атауы жойылып, «Жайсаңбай»елді мекені деген жаңа атауға ие болды.
1953 жылы 25 мамырында жеті жылдық мектеп Дүйсенбі аһун мешітіне көшірілді.Кеңес үкіметі кезіндегі төңкерістен бүлінген мешітті қайтадан қалпына келтіріп,қажетті құрал-жабдықтарды Шалқардан жеткізген.Мешітті қайтадан жөндеуден өткізіп,сол жылдың қыркүйек айында пайдалануға берді.Мешіттің жанындағы қыстауда алыстан келіп оқитын малшы балаларына арналған 30 балалық мектеп-интернаты болған.Дүйсенбі аһун мешітінде алғашқы мектеп директоры болып Құламанбай Сәтеров тағайындалды.Мұғалім Сәрібаев Бекнияз,Баетов Жетпісбай, Жәкенов Сатқар балаларға дәріс берді.
1954-1956 жылдары қайтадан Жайсаңбай бастауыш мектебі деген атпен жұмыс жасады.
1956-1957 оқу жылында Байқоңырдағы сынақ нәтижесінде мектеп Тельман елді мекеніне көшіріліп,Тәуіп жетіжылдық мектебі болып ашылды.
1960 жылы Жайсаңбайда қайтадан бастауыш мектеп ашылды.Мектеп бұрынғы Жайсаңбай ата қыстауында орналасқан еді. Алғашқы директоры-Тотанбай Қожахметов тағайындалды.
1961-1962 оқу жылында бастауыш мектеп жанынан 5-класс ашылды.Бастауыш класқа Әбілов Сұлтанғали дәріс берді.
Сонымен қатар Жайсаңбай ауылынан 12 км шамасында орналасқан «Тілепбай» қыстағында да малшы балаларына арналған бастауыш мектеп жұмыс жасады.Онда Жалмаханов Зинадин дәріс берді.
1962-1963 жылдары Жайсаңбай ауылынан 10 шақырым жердегі №3 Сауда елдімекенінде 20 шақты үй отбасымен мекен етіп,сол жерде ауыл балаларына арнап екі бөлмелі мектеп салынды.Мектепте 15-20 шақты балалар 4 кластық білім алды.Мұнда ұстаз Жұбатқанов Кенжалы,Қойшыбаев Көбек оқушыларға дәріс берді. «Қызыл отау» үйі жұмыс жасап,Наурызбаев Нұрадин қызмет етті.
1962-1963 оқу жылында 8–жылдық мектеп ашылып,Жайсаңбай сегізжылдық мектебі болып аталды.Мектептің салынуына ел ағасы Нұғыман Прманбетовтің ықпалы зор болды. Халықты ұйымдастыра отырып, балшықтан кесек айдап басып,әр үйден бала басына 50 сомнан ақша,300 кесектен беретін болып келісіледі.Сол кезде бала саны 120-астам болған.1962 жылы көктем шыға халық кесек басуға кірісіп кетеді.Прманбетов Нұғыман Жайсаңбай бастауыш мектебінің меңгерушісі Тотанбай Қожахметовті ертіп алып,рабкооптен 3-4 құрастырмалы фин үйін сатып алып,елге әкеледі.Мектептің салынуына Тәуіп совхозының директоры Байдәулетов Тәуекелдің де ықпалы зор болған.Жаз бойы мектеп үйін салып бітіріп,1962 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға берді.Мектеп директоры болып-Тотанбай Қожахметов бекітілді.Онда жоғары білімді математик-физик-Сәдуов Әбдіжәлел,химия-биологиядан-Заход Қаниева,қазақ тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімі-Сұлтанғали Әбілов,еңбектен-Молыбаев Дербісалы,тарихшы-географ-Көмекбаев Қылышбай,орыс тілінен Айекешов Мақсот дәріс береді.1962-1963 оқу жылында Жайсаңбай сегізжылдық мектебін алғашқы рет 12 оқушы бітіріп шықты.
1963-1968 жылға дейін мектепті жоғары білімді Көлішбаев Мәлік басқарды.
1963-1964 оқу жылында мектепте бастауыш класс мұғалімі Әлмырзина Бибісара,Жалмаханов Зинадин,Молыбаев Дербісалы қызмет етті.
1968-1969 оқу жылында мектеп қайтадан бастауыш мектеп болды.Мектеп директоры Жалмаханов Зинадин,оқытушысы болып Әлмырзина Бибісара тағайындалды.Қалған мұғалімдер өз пәндеріне байланысты басқа мектептерге орналасты.
1972 жылы жергілікті халықтың сұрауымен студент жастар бригадасы келіп жаңадан мектеп үйін тұрғызды.Мектеп үйін салдыруға сол кездегі совхоз директоры Сәлетбай Кәдірбаевтың ықпалы,белсенділігі көп көмек етті.Мектеп директоры болып Көлішбаев Мәлік,оқу ісінің меңгерушісі –Сәдуов Әбдіжәлел тағайындалды. Мектепке 137 оқушы тартылды.1976 жылы Көлішбаев Мәлік Қаракөл орта мектебіне директор болып ауысуына байланысты сол жылы мектеп директоры болып Сәдуов Әбдіжәлел тағайындалып,1986 жылға дейін басқарды.Мектеп ашылған жылдардан бастап еңбек еткен Жалмаханов Зинадин,Сәдуов Әбдіжәлел,Мағрой Нұрғалиева,Заря Дүйжанова,Бақтыбаев Қалдан,Қобанова Нұрзагүл,Ешімова Күләш,Жұбандықов Күнбол, Жұбандықова Жанбибі, Местинов Картам, Нұғыманова Райхан, Мұқанова Рабат ,Райымбаев Қуаныш,Сейілханова Света алғашқылардың бірі болып танылса,аға ұстаздардың орнын басқан Байқазақов Есберген,Сәуірбаев Зейнолла,Шайқақова Рсалды,Қарабаева Қаншайым,Төреханова Сәру,Досыбаева Жарқеткен, Мизанбаев Ерғали,Берманов Әбдімәлік,Қалабаева Лида,Әбішова Мейрамкүл,Ералина Бақыт,Қожаева Сәнімкүлдің есімдерін мақтанышпен айтуға болады.
1987-1988 оқу жылынан бастап мектеп Жайсаңбай орталау мектебі болып аталды.
1991-1992 оқу жылының қазан айында мектеп жанынан 10-класс ашылды.
1993-1994 оқу жылында мектепке Жайсаңбай топырағында дүниеге келген,белгілі қаламгер жазушы Өтебай Қанахин есімі берілді.Жазушы Өтебай Қанахиннің 70 жылдық мерейтойы аталып өтілді.Мектепте Өтебай Қанахинге арналып мұражай бөлмесі ашылды.Мұражай бөлмесін жабдықтауда мектеп директоры Амангелді Қуатбаевтың еңбегі зор.
2002-2003 оқу жылында мектеп орта мектепке айналды.
2003 жылы қаламгер Өтебай Қанахиннің 80 жылдық мерейтойы аталып өтілді.
2013 жылы тамыз айынан бастап Жайсаңбай ауылында 60 орындық мектептің құрылысы басталды.
2014 -2015 оқу жылының 1 қыркүйегінде мектеп пайдалануға берілді.
2018 жылы Ө.Қанахиннің 95 жылдық мерейтойы мектебімізде аталып өтілді
76 жыл өзіндік тарихы бар киелі білім ордасында қазіргі таңда 25 ұстаз еңбек етуде.




